Астанада 8 жасар қыздың үстіне бассейндегі шкаф құлады. Қайғылы оқиға туралы баланың анасы әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Оқиға 2025 жылдың 13 тамызында болған. Астанадағы бассейні бар спорт кешендерінің бірінде балаларға арналған киім ауыстыратын бөлмеде баланың үстіне шкаф құлаған. Салдарынан бала түрлі жарақат алған. Оның сүйегі сынған, миы шайқалған және бір тісі түсіп қалған.
Threads желісінде maruan_kz деген лақап атпен тіркелген әйелдің айтуынша, ол сағат 19:20-да қызын жаттығуға әкелген. Содан кейін баланы қабылдау орнына қалдырған. Қыз киім ауыстыру бөлмесіне барып, чиптік жүйемен ашылатын шкафты қолданбақ болған. Білезік (браслет) істемеген соң, есігін қолмен ашуға тырысқанда, шкаф үстіне құлаған.
Абырой болғанда, баласымен бірге шығып бара жатқан әйел дыбысты естіп, қайта кіріп, не болғанын көріпті... Менің балам әйелдің тізесінде отыр, қып-қызыл қан, беті ісіп кеткен, жылаған, тісі түскен, – деп жазды зардап шеккен қыздың анасы.
Әйелдің айтуынша, балалар бөлмесіндегі шкафтар қабырғаға бекітілмеген, бұл – қауіпсіздік нормаларын өрескел бұзу. Тіпті ересектерге арналған болса да, ереже бойынша қабырғаға бекітілуі керек, – деп атап өтті ол.
Енді қыз бала ұзақ ем қабылдап, оңалтудан өтеді. Анасы барлық ата-ананы балалары жаттығатын жердің жағдайына мұқият қарауға және спорт нысандарындағы жабдықтардың қауіпсіздігін тексеруге шақырды.