Жамбыл облысы Байзақ ауылында фельдшерді белгісіз біреулер атып кетті, деп хабарлайды Paryz.kz.
Жағдайдың қалай болғанын Байзақ аудандық әкімдігінен сұрап білдік.
"10 шілде сағат 03:32-де Байзақ ауданының орталық ауруханасының қабылдау бөліміне 1998 жылғы науқас өз бетінше жүгінді. Науқас - жедел жәрдем қызметкері, фельдшер. Қабылдау кезіндегі шағымдар: сол жақтағы кеуде аймағындағы жара мен ауырсыну", - дейді әкімдік.
Ведомствоның айтуынша, белгісіз адамдар травматикалық қарудан фельдшерді атқан. "Сол жақта кеуде қуысынан оқ жарақатын алған деген диагноз қойылды. Ішкі ағзаларға зақым келмеген. Науқастың жағдайы орташа ауыр", - дейді аудандық аурухана.
Оқиға орнына полиция шақырылған.
"Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Ал күдіктіге іздеу жарияланды", - деп түсіндірді Жамбыл облыстық полиция департаменті.