Алматы облысындағы Талғар өзенінде әйел баласын құтқаруға ұмтылып, екеуі де суға кетті, деп хабарлайды Paryz.kz.
Облыстық ТЖД мәліметінше, Алматыдан демалуға келген 10 жастағы бала отбасымен бірге өзен жағасында жүргенде Талғар өзеніне құлап кеткен.
Баласын көріп қалған анасы оны құтқаруға бірден суға секірген. Алайда екеуі де судан тірі шықпады.
Құтқарушылар кейін әйелдің денесін тапты. Ал баланы іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазіргі уақытта құтқарушылар өзеннің арнасын бойлап, су қоймасына қарай іздестіру жүргізіп жатыр. Іздестіру-құтқару операциясына шамамен 110 қызметкер және 20-дан астам техника тартылған.
Жұмысқа ТЖД, РҚЖ ТЖМ РК, ПД қызметкерлері, ұлттық парк қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, “Lider.kz” еріктілер қозғалысы және басқа да еріктілер қатысуда.