Жетісу облысының Текелі қаласында жеңіл көлікпен соқтығысып, аударылып қалған жедел жәрдем көлігінің ішінде 87 жастағы апа болған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Жол апаты 2 маусым күні болды. Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, кеше кешке жедел жәрдемге өте ауыр хәлде жатқан 1938 жылғы әйел бойынша шұғыл шақырту түскен. Қант диабетімен ауыратын қарт науқастың дерті асқынған екен.
«Оған дереу жедел медициналық көмек бригадасы жіберілді. Пациентті тез арада жақын маңдағы медициналық ұйымға жеткізбек болған көлік жол апатына түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадалары жетті. Зардап шеккендерге уақытында көмек көрсетілді, олар Текелі қалалық ауруханасына жеткізілді. 1938 жылғы әйел пациент негізгі ауруына байланысты өте ауыр хәлде жансақтау бөліміне жатқызылды. Өкінішке қарай, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады, сағат 22:40-та биологиялық өлім тіркелді», - делінген хабарламада.
Пациент жол апатынан алған жарақатынан емес, негізгі созылмалы ауруының асқынуынан қайтыс болды, деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасы.
Ал зардап шеккен басқа адамдардың жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Олардың біреуі медициналық көмектен кейін амбулаторлық емге жіберілген. Жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.