Қызылорда облысында жекеменшік балабақшалардың бірінде сұмдық жағдай болды. Балабақшада кішкентай қыздың арқасын ит талағандай қылып тістелеп тастаған, деп хабарлады paryz.kz.
Сұмдық оқиға туралы ақпарат facebook желісінде тарап жатыр. Жазба авторының айтуынша, оқиға Шиелі ауданындағы “Раяна” деп аталатын балабақшада болған.
"Шиелі ауданындағы балабақшада болған жағдайды ата-анасы жаңа ғана жіберді. Тәрбиешінің жауапсыздығынан болып отыр бұл жағдай."Тәрбиеші көмекшісі сыртқа горшок төгуге кетіп, балалар жалғыз қалады, сол уақытта орын алған жағдай", - депті балабақша басшылығы. 1,5 жасар қызды 1 жас 3 айдан асқан бала тістеді депті. Кіттай ғана баланың 25 рет жалғыз өзі тістеп, осындай залал әкелуі қисынға соқпайды. Ана кіттай қыз қашып кете алмайтындай болып тұр ғой. Демек кемі 3-5 бала жабылып тістеген. Сағат 12:00 де болған бұл сорақылықты кешке дейін ата-анасына айтпау, алғашқы медициналық көмек көрсетпеу үшін қаншалықты жауыз болу керек? Видеокамера болғанымен аяқ асты ашпай, істемей қалыпты. Істемейтін камера неге керек?", - деп жазады қолданушы.
Сондай-ақ ол балаларды жалғыз қалдырған кезде неге тәрбиеші орнында болмағанын деген сауа тастайды.
"Осы жағдай орын алғанда тәрбиешінің өзі қайда? Көмекші неге тастап кетеді баланы? Негізі заң бойынша балаға тәрбиеші қарау керек, көмекші емес. Бұл 1-2 минутта орын алған жағдай емес, кемі жарты сағат уақыт алған. Сонда шырқырап жылаған балаға бір адамның келіп қарамағаны ма?", - дейді ол.
Бұл оқиғаға қатысты Шиелі аудандық білім бөлімі пікір білдірген.
"Жағдайға байланысты Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің 2025 жылдың 30 сәуірі №32 бұйрығына сәйкес зерделеу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Топ тәрбиешісі және тәрбиешінің көмекшісін жұмыстан шеттету бойынша ұсыныс берілді. Аталған мәселе Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің қатаң бақылауында болатынын хабарлайды", - делінген ведомство түсініктемесінде.
Аудандық полиция бөлімінің өкілдері де аталған оқиға жөнінде түсінік берді.
"Аталған дерек бойынша балабақша тәрбиешісіне кәмелетке толмаған адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін шара қолданылды. Сонымен бірге Қызылорда облысының білім басқармасына тиісті ұсыныс жолданды. Қазіргі таңда полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының қызметкерлері профилактикалық бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр", - делінген онда.
Жазба желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырып жатыр.
"Ит талағандай қылып тістеп тастапты ғой, сұмдық!", "Қазіргі адамдар қатыгез мейрім жоқ. Біреудің баласы түгіл өз баласына қарамайды. Сол үшін балаларды бала бақшаға беріп керек емес!", Алла сақтасын! Сұмдық қой мынау! Балаларымыз жеке бала бақшаға барады", "Баланы жауапкершілік"ке алмаса несіне балабақша ол...", "Құдай сақтасын! Шырылдаған дауысын да естімей отыр ма сонда құлақтары . Шиеліге біраз жерге тексеріс керек жалпы", деп жазған желі қолданушылары.