Прямая трансляция

Астана

Астана

21°C

«25 жыл бірге тұрған»: Түркістанда 67 жастағы ер адам әйелін пышақтап өлтірді

Түркістан қаласында ер адам әйелін пышақтап өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсамақ болған. Қайғылы жағдайды алғаш болып ерлі-зайыптылардың кенже ұлы байқаған, деп хабарлайды Paryz.kz.

«25 жыл бірге тұрған»: Түркістанда 67 жастағы ер адам әйелін пышақтап өлтірді
Фото: видиодан скриншот

Stan.kz мәліметінше, оқиға кезінде 54 жастағы әйел ауыр жарақат алған. Анасының өмірін сақтап қалуға тырысқан ұлы жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Әйел жансақтау бөлімінде көз жұмған. 

Марқұмның көршісі Гүлнар Сапарованың айтуынша, әйел отбасылық жағдайы жақсы, арман-мақсаты көп жан болған.

Оның сөзінше, ерлі-зайыптылардың арасында бұған дейін күрделі жағдай болғанын көршілері байқамаған.

«Арманы көп адам еді. Мен жеткізе алмаймын. Еш қимаймын. Жағдайлары да дұрыс еді. Менің ойымша, бір айыбы – отбасылық жанжал шығар. Бірақ ол үшін адамның өмірі ойыншық па? Кішкентай баласы "Апа, мен кешігіп қалдым" дейді. Іште ұйықтап жатқан ғой. "Мамамның дауысын естіп шықсам, қан атқылап жатыр" дейді», – деді көрші. 

Көршілердің айтуынша, ерлі-зайыпты 25 жыл бірге тұрған. Төрт бала тәрбиелеген отбасыда бұған дейін қандай да бір келеңсіз жағдай байқалмаған. Әйел өмір бойы бала тәрбиесімен және үй шаруасымен айналысқан. Ал күдікті оқиғадан кейін өзіне де пышақ жарақатын салған. Ол ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің көмегінен кейін жағдайы тұрақтанған.

Полиция күдіктіні ұстап, қамауға алған. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

«Аталған дерек бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданады», – деді Түркістан облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Сейділдаев.

Марқұм әйелді жақындары жер қойнына тапсырған.