Прямая трансляция

Астана

Астана

21.03°C

"Балам гепатит жұқтырды": Алматы облысында ауруханада тексеріс басталды

Алматы облысында ата-ана баласына қан құю кезінде С гепатиті жұққанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды paryz.kz.

"Балам гепатит жұқтырды": Алматы облысында ауруханада тексеріс басталды
Фото: sputnik.kz

Баланың әкесінің БАҚ өкілдеріне айтуынша, бәрі отбасының Түркияға сапарынан кейін басталған. Бала қатты жөтеліп, дене қызуы көтерілген. Қазақстанға оралған соң мұрнынан қан кеткен.

Осыдан кейін бала иммундық тромбоцитопения диагнозымен облыстық балалар клиникалық ауруханасына шұғыл жеткізіліп, оған қан құйылған. Кейін бала әрі қарай ем алу үшін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жіберілген.

Сол жерде жүргізілген ПТР-зерттеу нәтижесінде баладан С гепатиті анықталған. Науқас баланың ата-анасы инфекция қан құю кезінде жұққан болуы мүмкін деп есептейді.

Осы жағдайға байланысты Алматы облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті, Іле ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр.

"Қазіргі уақытта медициналық құжаттар, медициналық көмек көрсету стандарттарының сақталуы және болған жағдайдың барлық мән-жайы зерттелуде. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының әкімшілігі тексеруші органдарға толық көмек көрсетіп, барлық қажетті материалды ұсынып отыр", – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

Түпкілікті қорытынды мен құқықтық баға уәкілетті мемлекеттік органдардың тексеру нәтижесі бойынша беріледі.