Әлеуметтік желіде диплом тапсыру рәсімі кезінде дипломын жыртып тастаған студенттің видеосы кең тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті, деп хабарлайды paryz.kz.
Бейнежазбада жас жігіт сахнада дипломын алғаннан кейін оны жыртып тастағандай көрінеді. Бұл әрекет желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызып, көпшілік оны білімге, оқу орнына және ұстаздарға деген құрметсіздік ретінде бағалады.
Алайда кейіннен видеодағы көріністің алдын ала жоспарланған қойылым екені анықталды. Белгілі болғандай, Алматыдағы Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінің студенті Дәулет Айдосұлы мемлекеттік үлгідегі дипломның түпнұсқасын емес, арнайы дайындалған көшірмесін пайдаланған. Осы жағдайдан кейін студент көпшілік алдында үндеу жасап, болған оқиға үшін кешірім сұрады.
«Мен, Абдрахман Дәулет Айдосұлы, Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінің (ICB) студентімін. Әлеуметтік желілерде таралған диплом тапсыру рәсіміндегі бейнежазбаға байланысты колледж ұжымынан, оқытушылардан, Білім басқармасынан және барша жұртшылықтан шын жүректен кешірім сұраймын. Мен шын дипломымды жыртқан жоқпын. Видео үшін алдын ала дайындалған дипломның көшірмесін пайдаландым. Менің әрекетімде ешқандай жаман ниет немесе колледжге және оның құндылықтарына құрметсіздік көрсету мақсаты болған жоқ. Болған жағдайға шын жүректен өкінемін және мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде беремін», – деді студент.