Алматыда төменгі қабаттағы пәтерлерге кіріп, ұрлық жасады деген күдікпен екі ағайынды азамат ұсталды, деп хабарлайды Алматы ПД-ға сілтеме жасаған paryz.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, Алматы маңында арнайы операция жүргізілген.
"Мегаполис полицейлері пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтың ізіне түсіп, олардың жолын кесті. Күдіктілер – басқа өңірден келген ағайынды екі азамат. Олар батыл әрі алдын ала ойластырылған тәсілмен әрекет еткен. Қаланың таулы аудандарындағы бірінші және екінші қабаттағы пәтерлерді нысанаға алып отырған", - делінген хабарламада.
Қылмыстық схема бірізді болған: терезе торын бұзып кіру, үй ішін жедел тінту және бағалы әрі ықшам заттарды қолды ету, санаулы минуттың ішінде ізін суыту.
"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта олардың кемінде бес пәтер ұрлығына қатысы бар екені анықталды ", - деп мәлімдеді қалалық ПД. Сонымен қатар полиция қызметкерлері күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.