Алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстандағы шенеуніктер арасында «кең тараған» тоқал алу, отбасын тастау сияқты құбылыстардың тамыры Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінде жатқанын айтты, деп хабарлайды paryz.kz.
Оның сөзінше, моральдық-этикалық нормаларды бұзған алғашқы тұлғалардың бірі сол кездегі мемлекет басшысының өзі болған.
«Назарбаевтың дәуірінде моральдық-этикалық ережелердің бәрін бірінші кезекте бұзған елбасының өзі. 1997 жылы Назарбаев бірінші әйелі Сара Назарбаеваны Алматыға қалдырып кетіп, Астанаға көшті. Сол уақытта журналистердің бірі: “Сіз көп қатын алуға қалай қарайсыз?” деп сұрақ қойған еді. Сонда Назарбаев: “Сіз оны Заманбектен сұраңыз” деген. Ал Заманбектің істегенін қарасақ, ол алғашқы әйелімен ресми түрде ажырасып барып, екінші қатын алды. Оны астыртын түрде жасаған жоқ, ресми түрде үйленді. Бірінші отбасының жағдайын жасап кетті. Оныкі жігіттік болды. Ал кейінгілердің, Назарбаевтың үзеңгілестерінің ісін қараңыз. Бәрі шетінен жасырын жап-жас тоқал алып алды. Бұл үлгіні Назарбаевтың өзі көрсетті. Сол жаман құбылыс осыгүні де жалғасып келе жатыр», – деді ол.