Қорғаныс министрлігі Қайрат Сатыбалдыұлы Алматыдағы өзі білім алған Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжіне барғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұған дейін БАҚ-та ол студенттерге лекция оқығаны туралы ақпарат тараған болатын, деп хабарлайды Paryz.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Мәжіліс кулуарында журналистер бұл мәселе туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтен сұрады.
"Қайрат Сатыбалдыұлы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери колледжге барып, лекция оқыды. Бұған Қорғаныс министрлігінің ұстанымы қандай? Оның лекция оқуына неге рұқсат берілді? Жемқорлық ісі бойынша сотталған адамның жастар алдында сөз сөйлеуі теріс бағыт-бағдар бермей ме?", - деген сұрақ қойылды.
Дархан Ахмедиев Сатыбалдыұлының лекция оқымағанын, ол колледжге мекеменің 40 жылдық мерейтойына орай түлек ретінде келгенін айтты. "Колледждің 40 жылдық мерейтойы болды. Бұл іс-шараны түлектер ұйымдастырған. Министрліктің бұған қатысы жоқ. Олар түрлі мекеменің 20 жылдық, 40 жылдық мерейтойларын өздері өткізіп тұрады. Ол жерге осы оқу орнының түлегі ретінде барды (...) Дәріс оқыды дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Ол дәріс оқыған жоқ және оқымайды да. Дәріс оқу үшін оқытушылар құрамында болу керек", - деді вице-министр.
Журналистер Қорғаныс министрлігі осы жағдайға байланысты колледж басшылығын жазалай ма деп нақтылады.
"Жазалады. Қателеспесем, жұмыстан босатылды", - деп жауап берді Ахмедиев.
Сатыбалдыұлының әскери-спорт колледжіне баруына байланысты нақты кім қызметінен айырылғанын Ахмедиев ашып айтпады.