Өткен тәулікте еліміздің түрлі таулы бағыттарында бірнеше турист Құтқару қызметінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Алматы іргесіндегі Шымбұлақтан жас жігіт төмен түсе алмай қалса, Үлкен Алматы көлі маңында шетелдік туристке көмек қажет болған. Ал Ақмола облысының Бурабай курортында бойжеткен аяғын жарақаттап алған, деп хабарлайды Paryz.kz ТЖМ-ге сілтеме жасап.
Алматы қалалық ТЖД-не Шымбұлақтағы "Комби-2" ауданында таудан түсу кезінде тізесін жарақаттап, жолын жалғастыра алмаған жас жігіт туралы хабарлама келіп түскен.
"Дабыл түскен бойда құтқарушылар көрсетілген жерге жедел жетті. ТЖМ қызметкерлері зардап шегушіні тауып, алғашқы көмек көрсетті және таулы жерден қауіпсіз түсіруді ұйымдастырды. Жігіт одан әрі тексеру үшін медицина мамандарына тапсырылды", - деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ Алматы тауларында, Үлкен Алматы көлі маңында, теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте 1990 жылы туған Қытай азаматы тізесін жарақаттап, таудан түсу үшін құтқарушылардан көмек сұраған.
Оқиға орнына Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметінің қызметкерлері мен Апаттар медицинасы орталығының бригадасы аттанған.