Прямая трансляция

Астана

Астана

7°C

"Атымда көлік қана болды": Шавкат Рахмоновтың жұбайы күйеуімен жасасқан неке келісімшарты туралы айтты

UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың жары Гүлайым Рахмонова Руслан Өтепбайдың Youtube-арнасына берген сұхбатында күйеуімен арадағы неке келісімшартының мән-жайын айтты, деп хабарлайды paryz.kz.

"Атымда көлік қана болды": Шавкат Рахмоновтың жұбайы күйеуімен жасасқан неке келісімшарты туралы айтты
Фото: видиодан скриншот

Гүлайымның айтуынша, 2025 жылы наурызда олар үш баласымен Дубайға демалысқа барып келген, ал сәуірде спортшы неке келісімшарты туралы айта бастаған.

"Мен басында күліп, оған мән берген жоқпын. "Сен онда маған кәсіп ашып бер немесе өзіміз тұрып жатқан үйді бер, мен саған неке келісімшартына қол қойып берейін, менен қорқасың ба? Қорықсаң неге менімен өмір сүріп жүрсің? Сонша бала өмірге келді" дедім. Бір жағынан өзінің анасының, бауырларының арасында басқа да бір әңгіме болған шығар. 

"Ертең сен ажырассаң, сенің дүниеңе таласады" дегендей. Барлық отбасында осындай ұрыс болатын шығар деп ойлаймын. Сол себептен "құлағым тыныш болсын, Шавкат егер мені дүние үшін жүрген адам деп ойласа, жазып берейін" деп қол қойдым", - дейді Гүлайым Рахмонова.

Оның сөзінше, келісімшартта кімнің атында қандай мүлік болса, ажырасқан жағдайда сол өз атында қалатыны көрсетілген.

"Менің атымда өзім жол апатына түскен көлік қана болды. Мен дүние үшін жүрген жоқпын. Мен оған ештеңем жоқ кезде қосылған адаммын. Жарайды, егер соны (неке келісімшартын - ред.ескертпесі) алып жаны тыныш болса, бере қояйын деп ойладым", - дейді Гүлайым Рахмонова. 

Спортшының жары қазір ажырасу процесі жүріп жатқанын айтты.