Журналист Жанат Жақсыбайқызы әлеуметтік желідегі парақшасында Атырауда болған қанды оқиғаға күдікті Ақбаян Мұқанғалиева туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Оның айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваны жақындары әлі көрмеген.
«Оқырмандардан «Ақбаянды туыстары көрді ме екен? Ол туралы не айтады?» деген жазбалар көп келеді. Жоқ, туыстары онымен жүздесе алмаған. Тергеу істеріне қатысты құзырлы органдар рұқсат бермеген»,– деді ол.
Журналист туыстарының Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның балаларын іздеп барғанын да айтты.
«Сонымен қатар қаралы отбасының туыстары Ақбаянның балалар үйіндегі ұл-қыздарын да іздеп барған. Бірақ заңдылықтарға сай көрісуге мүмкіндік болмапты»,– деп жазды журналист.
Соңғы жаңалықтар бойынша, Ақбаян Мұқанғалиева Алматыға жеткізілді.
«Қазір Ақбаян Мұқанғалиева Алматы қаласындағы жүйке ауруларын ғылыми зерттеу орталығында. «Неге айтылмай кетті?» деп сұрай беретіндер де бар. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Ендігі ақпараттар сот процесінде айтылады», – деп түйіндеді Жанат Жақсыбайқызы.