Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде Наурызнама онкүндігі аясында Ынтымақ күніне орай «Қазақстан – ортақ үйіміз» атты танымдық-тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Іс-шараға «Озат» бастауыш мектебінің оқушылары қатысты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа ынтымақ пен бірліктің мәнін түсіндіру, достық пен келісім ұғымдарын қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан аумағында түрлі этнос өкілдерінің бейбіт өмір сүретіндігін насихаттау болды.
Іс-шара бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушыларға этносаралық келісім мен қоғамдық бірліктің маңыздылығы жөнінде ақпарат ұсынылды. Келесі кезеңде арнайы әзірленген интерактивті сұрақ-жауап байқауы ұйымдастырылды: «Ұлтты тап», «Сәлемдесу» және «Мақалды жалғастыр» сияқты тапсырмалар оқушылардың логикалық ойлау, тілдік және танымдық қабілеттерін бағалауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, қатысушылар тақырыпқа сай өлеңдер оқып, шығармашылық әлеуетін көрсетті.
Бұл іс-шара жас ұрпақты ұлттық бірлікке баулып, олардың патриоттық санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды танымдық бастама болды.