Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Әскерде зорландым деп елден ақша жинаған жігіт ұсталды

Астанада 23 жастағы жігіт жалған ақпарат таратып, алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды paryz.kz.

Әскерде зорландым деп елден ақша жинаған жігіт ұсталды
Фото: pixabay

23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы белгісіз аккаунт арқылы әскерде жүргенінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын және қазіргі уақытта қудалаудан қорқатынын мәлімдеген. Ол бір жыл бұрын әскерден оралғанын, бірақ болған сұмдық оқиғаны әлі де ұмыта алмай жүргенін жазған.

"Пост авторының сөзінше, командирі оны қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген. Жазбада желі қолданушыларының назарын аударатындай егжей-тегжейлі мәліметтер келтірілген. 

Оқиғаның "қорқынышты" тұстарын баяндай отырып, ол өзіне қаржылай көмек сұраған, қауіп барын алға тартып, шетелге кету қажеттігін жеткізген", - деп жазылған хабарламада. Жазбада банк реквизиттері қоса көрсетілген. Жиналған қаражатты шетелге шығу үшін жұмсайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар ол осы жағдайдан кейін күйзеліске түскенін және бұрынғыдай қызымен қарым-қатынасын жалғастыра алмайтынын жазған. 

Алайда шотты тексеру үшін полицияға жүгінген бір желі қолданушысының қырағылығының арқасында жазба авторының жалған әрекеттері әшкереленді. Жедел қызметкерлерге реквизиттер ғана емес, оқиғаның өзі де күмәнді көрінген. Есепшот иесі 17 жастағы бозбала екені анықталғаннан кейін барлық күдік расталды.

"Жас жігіттің айтуынша, танысы қарызын аударып беретінін айтып, есепшот деректерін сұраған. Сонымен қатар, өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, басқа да аударымдарды қабылдауға көмектесуді өтінген. Ол оның сөзіне сеніп, жеке деректерін берген", - дейді полиция. 

Екі күннің ішінде оның есепшотына 100-ден астам аударым түскен. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында пост авторы ұсталды. Жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. 

Сонымен қатар оның әскери қызметке еш қатысы жоқ екендігі және әскерде ешқашан болмағаны белгілі болды. Өзінің осы әрекетімен ол әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірді. 23 жастағы күдіктінің айтуынша, жалған ақпаратты ол ақша жинау мақсатында жариялаған.

Көрінеу жалған ақпаратты тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

 Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Енді ол бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.