Жетісу облысының тұрғыны ұлдары оны үнемі ұрып-соғатынын айтты. 62 жастағы ер адамның ұлдары қазіргі уақытта қамауда, бірақ мамырда босатылады, деп хабарлайды paryz.kz.
Жетісу облысында тұратын 62 жастағы ер адамның үндеуін жергілікті блогер Әділ Бейсенбаев Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.
"Ақсу ауданының тұрғынымын. Екі ұлымнан біраздан бері жәбір көргендіктен, осы жігіттерді шақырып отырмын. Ұлдарымды сотқа берем, ұстап әкетеді, 10 күн жатады да қайта келіп алады, қайта тиіседі", - дейді ол видеода.
Блогердің жазбасына сүйенсек, туған ұлдары әкесіне жүйелі түрде жәбір көрсетіп келеді. Жәбірленушінің ағасы бірде оны қорғауға тырысқан, алайда, куәгерлердің айтуынша, ол жанжал кезінде пышақ жарақатын алған.
"Бұл жағдай Жансүгіров ауылында болып жатыр. Біз құзырлы органдардан осы жағдайға назар аударып, тергеу жүргізіп, тиісті шара қолдануды сұраймыз. Жақында ғана Түркістан облысында ұлы әкесіне қол көтерген жағдайды естідік, ол көз жұмды. Бұл да осындай жағдай", - делінген жазбада.
Жетісу облыстық полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"12 ақпанда Ақсу ауданының 62 жастағы тұрғынының шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында заңсыз әрекеттерді оның 31 және 34 жастағы екі ұлы жасағаны анықталды. Сот оларды кінәлі деп тауып, қамауға алу жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар істі қарау кезінде сот оларға үш ай мерзімге арнайы талаптар белгіледі, оның ішінде жәбірленушіге жақындауға тыйым салынды. Қазіргі уақытта олар қамауда. Босатылғаннан кейін екеуі де бақылауға алынады. Жағдай полиция бақылауында", - делінген хабарламада.