Танымал актер Азамат Сатыбалды журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында Қазақстанның экс-Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтты. Бұл туралы Paryz.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Актердің айтуынша, экс-президент оны қатты жақсы көрген, тіпті көрген жерінде амандасып, ерекше ілтипат білдіріп жүрген.
“Нұрсұлтан Әбішұлы мені ерекше жақсы көрді. EXPO ашылуында барып амандасқанымда мені құшақтап, ортаға алып шығып, тұрған адамдардың бәріне “Қазақстандағы мен жақсы көретін актердің бірі” деп айтты. Ол кісіге менің “Жұлдыздар тоғысқанда” филміндегі ойнаған рөлім қатты ұнаған екен. Мен ол картинада ерекше рөлді ойнаған едім. Оған қоса, мен көп іс-шара жүргіземін ғой, соны көріп жүрген адам. Енді айта алмаймын, ол кісінің маған ерекше қарағаны рас. Менімен үнемі амандасып, қал-жағдай сұрасып тұрдық”, – деді актер.
Өнер иесі Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты теріс пікір айтатындармен келіспейтінін жеткізді.
“Ол кісіні не үшін жамандаймыз? Жалпы адамды жамандаудан бұрын, оның жақсылығын іздеу керек. Мен өмірімде осыны Асанәлі ағадан үйрендім. Мен ағаның жанында 25 жыл бойы жүрдім және осы уақыт аралығында оның бірде-бір адамды жамандағанын көрген емеспін. Еш уақытта. Сол кісінің осы қасиеті маған жұқты ма, білмеймін, мен адам жамандамаймын. Өйткені біз пендеміз, кез келгеніміздің жамандығымыз жетіп артылады. Бірақ сол жамандықты аша беретін болсақ, бізден дым қалмайды. Сондықтан, мүмкіндігінше жақсы жағын көруге тырысуымыз қажет. Қазақта “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді, міне, ол кісінің еңбегі зор. Мен сол еңбекті көріп, оны дәріптегім келеді, мақтағым келеді. Өйткені бұл өмірде қателеспейтін адам болмайды”, – деді актер.