Атырау облысындағы ортағасырлық Сарайшық кешенінің аумағынан Алтын Орда дәуіріне тиесілі жәдігерлер табылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған Paryz.kz.
Ғалымдар биыл ортағасырлық Сарайшық кешеніне қарасты бес қалашық орнынан 250-ге жуық жәдігер тапқан.
Сонымен қатар XIV ғасырдың алғашқы кезеңіне жататын тұрғын үйлердің, цитадельдің және керуенсарайдың бөліктері анықталған. Табылған жәдігерлер – Алтын Орда дәуіріне тиесілі. Ал былтыр Сарайшық аумағында бес жерде қазба жұмыстары жүргізіліп, 150-ден астам жәдігер табылған.
"Табылған жәдігерлер қатарында металдан, шыныдан және сүйектен жасалған тұрмыстық әрі сәндік бұйымдар, қыш ыдыстар бар. Соның ішінде ең ерекше жәдігер – XIV-XV ғасырларға тиесілі, Алтын Орда қалашықтарында бұрын кездеспеген қоладан жасалған құлып", - деді "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлы.
Қазір бұл аумақ толық цифрландырылып жатыр. Әр қазба орнының алдына QR-кодтар қойылған. Туристер мобильді телефон арқылы кодты сканерлеп, тарихи нысандар туралы толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар Сарайшықта Қасым ханға арналған ескерткіш салу жоспарланып отыр. Археологиялық зерттеулермен қатар көне қала аумағында қайта қалпына келтіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.