Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемі Тұрсынбекқызы Дубайдағы ахуалға қатысты оқырмандарына үн қатты, деп жазады Paryz.kz.
"Бұл елде бес жыл тұрып келемін. Қаншалықты қауіпсіз екенін жүрегім сезеді. Сабақ 8 наурызға дейін онлайн форматқа көшті. Өзімді карантиндегідей сезініп жүрмін", – деп жазды ол.
Әдемі уақытша онлайн оқуға көшу өзіне оңай соқпағанын жасырмады. Үнемі жоспармен жүріп үйренген ол үшін қозғалыстың азаюы ерекше әсер еткен. Сондай-ақ желідегі "елге неге қайтпайсың?" деген сұрақтарға жауап берді.
"Мен қайтқым келмейді дейсіздер ме? Әрине, үйге қайтқым келеді. Ата-анам әр бес минут сайын хабарласып, уайымдап отыр. Егер отбасым жанымда болса, өзімді әлдеқайда қауіпсіз сезінер едім", – деді Әдемі.
Сөз соңында ол өзіне алаңдаған жандарға алғыс айтып, жағдайының жақсы екенін жеткізді.