Ақтөбе облысында жоғарғы сынып оқушысы жүкті болып қалды, деп хабарлайды Paryz.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Білім басқармасы оқушы түнгі рейдтер кезінде бірнеше рет ұсталғанын атап өтті.
"Бұл оқиғаға дейін білім беру мекемесі тарапынан барлық тиісті шара қабылданған. Жүргізілген түнгі рейдте кәмелетке толмаған тұрғынның бірнеше рет ұсталғаны анықталды. Ата-анасына сол кезде ескерту жасалып, оқушы профилактикалық есепке алынған", - дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы.
Оқушымен жеке жұмыс жоспары жасалған, бақылау орнатылған. Соның нәтижесінде жүкті екені анықталған. Бала құқықтарын қорғау басқармасы Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге бұл жағдайды бақылауда ұстап отыр.
"Басым бағыт – кәмелетке толмағанның құқықтары мен мүдделерін қорғау, оған қажетті психологиялық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету. Тексерілмеген ақпарат пен балалардың жеке деректерін таратудан бас тартуды сұраймын. Оқиғаға қатысты мәліметті жария түрде талқылау кәмелетке толмаған қызға зиян келтіруі мүмкін", - дейді Бала құқықтарын қорғау басқармасы.
Полиция қылмыстық іс қозғаған.
"Кәмелетке толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта заңнамада көзделген барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізілуде. Жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Қылмыстық істің тергелу барысын облыстық полиция департаментінің басшысы өзі бақылауына алды.