Заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында актриса Дариға Бадықовамен болған сот ісіндегі жеңісі туралы жазба жариялады, деп хабарлайды paryz.kz.
«Кезекті жеңісіммен бөліскім келеді. Біз сотта Дариға Бадықованы жеңдік. Бұл істе мен журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың өкілі ретінде қатыстым және оны толық қорғап шықтым. Дариға ханымның соттағы талабы қандай болды? 2025 жылғы 4 қазандағы YouTube-тағы сұхбатты шындыққа сәйкес келмейді деп тану, видеоны өшіру, айтылған сөздер үшін жария түрде кешірім сұрату, 1 000 000 теңге моральдық зиян, 2 500 000 теңге заңгерлік шығын және 802 128 теңге сараптама ақысын өндіріп беру. Сот бұл талаптардың барлығын толық қанағаттандырусыз қалдырды», – деп жазды заңгер.
Ол сөз бостандығын қорғау – тек кәсіби міндет емес, ішкі ұстаным екенін атап өтті:
«Менің бірінші жоғары білімім – журналистика, екінші мамандығым – заңгер. Бұл жерде мен ешкімнің жеке өміріне араласқан жоқпын. Мен қорғаған нәрсе – журналистің кәсіби еркіндігі, пікір алуандығы және авторды өз шығармашылық өнімін өшіруге мәжбүрлеуге жол бермеу принципі. Бұл жеңіс – бір адамды жеңу емес. Бұл – сөз бостандығын қорғау, журналистиканы сот арқылы тұншықтыруға жол бермеу және құқықтық мемлекет принципін сақтау», – деп түйіндеді заңгер.