Атырау облысында былтыр 14 желтоқсанда достарымен бірге аңға шығып, бес күннен кейін өлі күйінде табылған 61 жастағы Өтебай Сабировтің қазасына қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Paryz.kz Alash.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Алайда марқұмның қызы әкесінің өліміне байланысты бірқатар күмәнді жайттарды жариялап, істің жабылуына наразылық білдірді.
Оның айтуынша, әкесі кәсіби аңшы болмаған және бұл – оның өмірінде алғаш рет аңға шығуы екен.
«Әкем аңшылыққа арнайы киіммен емес, қарапайым жұмыс киімімен, күнделікті етікпен аспаз ретінде барған. Қасында оны жақсы білетін екі адам болған», – дейді ол.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, марқұмның жүрегі ұстамаған және суға тұншығып қайтыс болмаған. Мамандар оның суыққа тоңып көз жұмғанын көрсеткен. Қызының сөзінше, әкесі 15 желтоқсан күні сағат 11:19 шамасында кетіп бара жатқан сәті бейнежазбада көрінеді. Ал жанында болған адамдар оны шамамен төрт сағаттан кейін ғана іздей бастағандарын айтқан.
Марқұммен бірге екі адам – оның досы және сол кісінің күйеу баласы болған. Қызы бұл екі азаматтың кей жайттарды жасырғанына сенімді екенін жеткізді. Оның айтуынша, әкесінің досы іздеу кезінде бар-жоғы 100 метр жүргенін айтқан және соңғы рет марқұм көрінген жерге бармаған.
«Резеңке етіктері тізеге дейін болған. “Суға кірдіңіз бе?” деп сұрадым. “Тобыққа дейін су болды, әрі қарай кірмедім” деді. Ол жер бататын су емес. Бір нәрсе анық жасырып отыр», – деп жазды марқұмның қызы.
Ол сондай-ақ осы уақытқа дейін өз еркімен кешірім сұрап немесе түсініктеме беріп келген адамның болмағанын атап өтті.
Еске сала кетейік, Өтебай Сабиров 19 желтоқсан күні сағат 15:10 шамасында Каспий теңізі маңындағы «Ботахан» кен орны аумағынан табылған. Іздестіру жұмыстары барысында алдымен оның көлігі табылып, кейін әуеден барлау жүргізілген. Құтқарушылар 20 шақырым радиуста аумақты тексерген.