Астанада 82 жастағы бабасынан жыныстық зорлық-зомбылық көрген 7 жастағы қыздың анасы оқиғаның қалай болғанын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Еске сала кетейік, 82 жастағы қарт өзінің 7 жастағы шөбересіне сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға сотталған болатын. Алайда сотталушы үкіммен келіспей, аппелициялық шағым түсірді. Ал баланың анасы үкім өзгеріссіз қалады деп үміттеніп отыр. Жантүршігерлік жағдай қыздың туған күнінен кейін бір күннен соң болған.
"Бұл оқиға ұйықтауға дайындалып жатқан кезде болды. Жексенбі болғандықтан ертерек жатып қалғанбыз. Бір күн бұрын қызымның туған күнін атап өттік. Мен балаларымның туған күніне ерекше мән беремін, сол себепті үлкен дайындық жасадым. Содан шаршағаным да бар", - дейді баланың анасы Светлана.
Қарт адам шөбересінің туған күніне қонаққа келген. Бәрі ұйқыға жатқанда арам пиғылын жүзеге асырмақ болған.
"Оның құлағы естімейді. Сол себепті менің бөлмеге кіргенімді байқамай қалды. Үстінен түстім. Жан дауысым шығып, айқайға бастым. Ана үшін бұдан асқан қиындық жоқ шығар. Ал бұл жағдай балаңызға қатысты болса онда тіпті ауыр", - дейді ол.
Қарт іле-шала үйден қашып шығып, тайып тұрады. Бірақ ертесі кешке қолға түседі.
"Ол адам менің күйеуімнің атасы, жасы 82-де. Құлағы естімейтіні болмаса әлі тың. Бұған дейін қарым-қатынасымыз өте жақсы болатын, жақсы араласатынбыз. Жанжал болып, сөзге келіп көрмедік. Дәл осы жағдайдан кейін жағдайымыз ушығып тұр. Қызыма тиіскен туысымыздың әйелі бар. Бір-бірімізге көмектесетінбіз, ол кісілерді өте жақсы көруші едік. Маскүнем, не болмаса материалдық жағдайы төмен отбасы емеспіз. Әрқайсысымыздың басымызда үй, астымызда көлік бар. Ол адамды мұндай күйге түсуге не итермелегенін білмеймін", - дейді қыздың анасы.
Баланың отбасы бай-бақуатты жандар. Алайда Светлана қазір денсаулығына байланысты жұмыстан қол үзген.
"Менің күйімді ешбір адам баласына бермесін. Денсаулығым нашарлап кетті. Қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық. Алайда оған ұзақ мерзімді психологиялық көмек қажет, өйткені бұл әрекетті өзі сенген әрі жақын адамы жасады. Қылмыскер қызыма мұндай әрекетті қанша уақыттан бері жасап жүргені де белгісіз, оны ойлаудың өзі қорқынышты. Бірінші сатыдағы сот, менің білуімше, ұсынылған дәлелдемелерді, оның ішінде сараптама қорытындыларын зерттеп, шешім қабылдады. Біз бұл шешіммен келісеміз және мұндай әрекеттер заң аясында тиісті құқықтық бағасын алуға тиіс деп санаймыз", - деп түйіндеді Светлана.