Қазақстандағы бірқатар активтерін сатып, Дубайға қоныс аударған Нұрәлі Әлиевтің соңғы уақытта жариялаған жазбалары әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызуда, деп хабарлайды paryz.kz Ertenmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Көпшілікке тосындау көрінетін ой-толғамдарында Әлиев "шифт", "матрица", "адамзатты басқаратын программа" секілді философиялық әрі абстрактілі ұғымдарды жиі қолданады. Мұндай терминдер желі қолданушыларының қызығушылығын оятып, кейбірін таңғалдырса, енді бірін алаңдатқан.
Әлеуметтік желіде пікірлер сан алуан. Бірі оны жаңа дүниетаным іздеген адам ретінде қабылдаса, енді бірі жазбаларын "тылсым әлеммен байланысты" деп бағалаған. Тіпті әзіл-шыны аралас "осылай жалғаса берсе, бар байлығын таратып жіберуі мүмкін" деген пікірлер де кездеседі.
Ал кейбір қолданушылар "миллиондарың болса, өмірдің мәнін іздей бастайсың" деген сарында ой білдірген.
Сонымен қатар Әлиевтің жазбаларын мистикалық бағытқа бұрып, түрлі жорамал айтқандар да бар. Соңғы уақытта Нұрәлі Әлиев, Дариға Назарбаева және әулеттің өзге өкілдері Еуропадағы салтанатты кештерде, халықаралық мәдени шараларда, соның ішінде Канн фестиваліндегі гала-кештерде жиі көріне бастағаны да көпшіліктің назарынан тыс қалмады.