Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Нұрайдың өлімі: күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың аса қатыгездікпен өлтірілуіне байланысты жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров пікір білдірді.

Нұрайдың өлімі: күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Фото: әлеуметтік желіден

Оның мәлімдеуінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағына («аса қатыгездікпен адам өлтіру») сәйкес қайта сараланды. Бұл бап бойынша 15-тен 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Аталған ақпаратты Шымкент қаласы Полиция департаменті растады. Сондай-ақ адвокат қылмыскердің өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алуы тиіс екенін атап өтті.

— Жас қызды некеге тұруға мәжбүрлеп, ол көнбеген соң қыр соңына түсіп, сталкинг жасап, ақырында аса қатыгездікпен адам өлтірді. Қылмыскердің бұл әрекеті — қай жағынан алып қарасақ та, ешбір ақтауға келмейді. Менің ойымша, сот отырыстары ашық өтіп, тікелей эфир арқылы халыққа көрсетілуі қажет, — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазіргі уақытта күдіктіге үш бап бойынша айып тағылған:

125-1-бап — «Некеге тұруға мәжбүрлеу»;

115-1-бап — «Сталкинг»;

99-бап 2-бөлігі 5-тармағы — «Аса қатыгездікпен адам өлтіру».

Бұдан бұрын Шымкентте 21 жастағы қызды пышақтап өлтірді деген күдікті ұсталғанын жазған едік.

Полиция қаза тапқан студент қыздың отбасы жариялаған деректерге жауап берді.