Мәжіліс депутаты Мутәлі Әбүтәліп Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке техникалық бақылау құрылғылары нарығындағы реттеудің жоқтығына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Сауалда елімізде GPS-трекерлер, GSM-маяктар, мини-камералар, дауыс жазғыштар сияқты лицензиясыз және сертификатсыз сатылатын электрондық құрылғылардың кең таралғаны айтылған. Депутаттың мәлімдеуінше, мұндай құралдар азаматтарды заңсыз бақылауға, жеке өмірі мен отбасылық құпиясына қол сұғуға, сондай-ақ жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау және корпоративтік тыңшылық тәуекелдерін арттыруға мүмкіндік береді.
Құжатта Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мұндай техниканы өндіруге, сатып алуға және пайдалануға тыйым салынғанына қарамастан, олардың нарықта еркін айналымда жүргені атап өтіледі. Құқық қорғау органдары жекелеген рейдтер барысында жасырын тыңдау және бейнежазба құрылғыларын анықтағанымен, бұл шаралар жүйелі сипат алмағаны көрсетілген.
Депутат сондай-ақ тұрмыстық затқа ұқсас жаңа буындағы құрылғылардың кең таралуына назар аударды. Оның айтуынша, мұндай техниканың қауіптілігі сыртқы пішінінде емес, бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолданылу тәсілінде жатыр. Бұл жағдай қарапайым азаматтардың өздері де білмей жасырын бақылауға ұшырау қаупін күшейтеді.
Сонымен қатар сауалда жаңа буындағы автомобильдерге қатысты мәселе көтерілген. Атап айтқанда, шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейтін көліктер Қазақстан азаматтарының қозғалыс маршруттары мен жеке деректерінің шетелдік юрисдикцияларда өңделуіне алып келуі мүмкін. Мұндай деректердің сыртқа шығуы ұлттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау тұрғысынан тәуекел тудыратыны атап өтілді.
Мутәлі Әбүтәліп халықаралық тәжірибеде мұндай электроника қатаң бақылауға алынатынын, арнайы сертификаттау мен лицензиялау талаптары қойылатынын еске салды. Осыған байланысты депутат Үкіметтен азаматтардың жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығын қорғауды күшейтуді, жасырын бақылауға арналған құрылғылар айналымын кешенді түрде реттеуді және тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен нақты бақылау тетіктерін әзірлеуді сұрады.