Сарыағаш ауданындағы Қапланбек ауыл округіне қарасты Қанағат ауылындағы №7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ақжүніс Атахан әлемнің беделді 36 университетінен шақырту алды, деп хабарлайды Түркістан облысының әкімдігі.
Халықаралық қатынастар мамандығын таңдаған жас түлек дүниежүзіндегі озық университеттерде білім алып, өз саласын жетік меңгерген майталман маман болуды армандайды.
Әлемнің бірнеше жоғарғы оқу орындарынан шақырту алған түлектің ҰБТ-да жинаған ұпайы 111 балл.
"Ауыл мектебінде оқитын Ақжүніс Асылханқызы Дубай, Түркия, Малайзия, Канада, АҚШ сынды дамыған елдердегі университеттерге құжат жіберіп, 36-сынан шақырту алған. Атап айтқанда, Американың - 17, БАӘ - 5, Түркияның - 6, Малайзияның - 5 университетінің грантын ұтып алып, Канаданың 1 университетіне президенттік стипендиямен оқуға шақыртылып отыр", - делінген хабарламада.
Ақжүніс Атахан мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап үздіктер тақтасынан түспеген. 16 жасар оқушының жетістігі өңірдегі өзге оқушыларды қанаттандырды. Өйткені ол өзі оқығар мектептен шетелдік оқу орындарын шақырту алған алғашқы шәкірт.