Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

«Өз кәсібін түсінде тапты». 49 жастағы жамбылдық ісмер қолөнер үйірмесін ашуды армандайды

49 жастағы ісмердің бұйымдарына тапсырыс берушілер саны өзге өңірлерде де көбейіп келеді, деп хабарлайды Paryz.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

«Өз кәсібін түсінде тапты». 49 жастағы жамбылдық ісмер қолөнер үйірмесін ашуды армандайды
Фото: видеодан скриншот

Қызығы тағдырдың тауқыметіне төзе білген үш балалы ана табыс табудың жолы түсімде аян болып берілді дейді.

Меркілік Сабыркүл Сіргелбекованың есімі бүгінде жамбылдық жалпақ жұртқа жақсы таныс. Он саусағынан өнер тамған тұрғынның бұйымына тапсырыс бермеген жергілікті бұрымдылар кем де кем шығар бәлкім. 49 жастағы әйел үйіндегі қуықтай бөлмеде отырып, негізінен қыз жасауын жасайды.

Ісмер әйел түсірілім кезінде ешкімге тіс жармаған басынан өткен тылсым дүниені бізге баяндап берді. 4 жыл бұрын жолдасынан айырылған ана жұмыссыз жүреді. Балаларын қатарынан қалдырмас үшін әр жерде жалдамалы жұмысшы да болыпты. Осылайша тапқаны азық түлігінен артылмай, қаржыдан қатты қиналған ол несие алуды ұйғарады. Бірақ банк сұрағанын бермей, бетін кері қайтарады. Салы суға кеткен ол сол күні ұйқыға кеткенде әлде бір таныс дауыс естіліп, анам аян берді дейді.

«Сол кезде анық үшінші рет анамның дауысы естілді. «Құрақ құра» деп. Бірақ сол кезде ақша қатты қажет етін. Бір қатты қиналып тұрған кезім етін. Содан кейін шошып ояндым да, ақырын жан жағыма қарасам әйел адам жоқ. Содан жаңағы жерде келдім да ешкімге ештеңе деген жоқпын, айттым мен құрақ құрап бастаймын дедім. Содан бастадым ғой», - деді Меркі ауылының тұрғыны Сабыркүл Сіргелбекова.

Осы күні Сабыркүл Сіргелбекова өз кәсібін түсінде тапты. Содан бері өмірім өзгеріп, жолым ашылды деп толқып еске алады. Республика бойынша «Қазақстанның үздік тауары», аудан аралық «Мерейлі отбасы» байқауын да жеңіп алды. Қазір қыздарынан бөлек, немерелерін де осы өнерге баулып жүр. Еңесесі биік еңбек адамының ендігі арманы жастарды қолөнерге үйрететін арнайы үйірме ашу екен.