Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне 2027 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге арналған шығындарды үш жылдық бюджет жобасында қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды paryz.kz.
Сондай-ақ ол Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 70 денсаулық сақтау нысанының, оның ішінде 8 перинаталдық орталық пен 9 көпбейінді балалар ауруханасының құрылысын уақытында аяқтап, пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұдан бөлек, Ұлттық балаларды оңалту орталығының жаңа үлгідегі өңіраралық филиалдарын салу мәселесін пысықтау қажеттігін айтты.
Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін аурулардың алдын алу мен оларды ерте анықтауға басымдық бере отырып жаңғырту міндеті қойылды. Жалпы практика дәрігерлерінің клиникалық шешім қабылдау және диагностикалық зерттеулерді өз бетінше тағайындау жөніндегі өкілеттіктерін кеңейту қажет. Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын 40%-ға дейін көтеруге арналған шығындарды үш жылдық бюджет жобасында қарастыруды тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.