Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Ерекше балалардың ата-аналары мекеме жағалап жүрмеуі керек – депутат

Құрылтай депутаты Асхат Аймағанбетов ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, ата-аналар баласына қажетті білім беру және медициналық қызметтерді алу үшін бір мекемеден екіншісіне сабылмауы керек, ал тиісті көмек баланың қажеттілігіне қарай ұйымдастырылуға тиіс, деп хабарлайды paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Ерекше балалардың ата-аналары мекеме жағалап жүрмеуі керек – депутат
Фото: Baq.kz.

Депутаттың айтуынша, Президенттің Жолдауында көтерілген осы бағытта балаларды кешенді қолдауға арналған арнайы заң жобасы әзірленген.

«Қазір құжат қарастырылып жатыр. Біздің ойымызша, ата-ана баласын білім беру ұйымына орналастыру үшін бір мекемеден екіншісіне сабылмауы керек. Қажетті ақпарат пен қызметтер бір жүйеге біріктірілуі тиіс. Баланы қолдау шаралары мектеп деңгейінде де ұйымдастырылуы қажет», – деді Асхат Аймағанбетов. 

Оның сөзінше, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары әр мекеменің табалдырығын тоздырып, кезек күтіп жүрмеуі керек.

«Ұсынылып отырған заң жобасының негізгі мақсаты – бала дүниеге келген сәттен бастап 18 жасқа толғанға дейін оның дамуы мен білім алуына қажетті қолдауды қамтамасыз ету. Бұл ретте баланың ерте даму орталығында, балабақшада, мектепте немесе үйде білім алуына қарай тиісті жағдай жасалуы қажет. Депутат әр баланың жеке қажеттілігін ескерудің маңызын атап өтті. Ауылдарда маман тапшылығы бар Асхат Аймағанбетов балаларға қолдау көрсету жүйесін жетілдірумен қатар, осы саладағы мамандарды қолдау мәселесіне де назар аударды.

Оның айтуынша, маман тапшылығы – шешімін күткен негізгі мәселелердің бірі.

«Әсіресе ауылдық жерлерде білікті мамандар жетіспейді. Соның салдарынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары баласына қажетті көмек алу үшін ауылдан қалаға көшуге мәжбүр болады. Өйткені ауылда тиісті мамандар, оңалту орталықтары немесе қажетті медициналық қызметтер болмаған жағдайда, ата-аналар баласының болашағы үшін қалаға қоныс аударады. Сондықтан ауылдарға мамандарды қалай тартамыз, олардың ауылда жұмыс істеуіне қандай жағдай жасаймыз деген мәселені шешуіміз керек. Ауылға барған мамандарға қандай қолдау көрсетеміз? Олардың жалақысын көтеру, жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау қажет», – деді депутат.

Асхат Аймағанбетовтің пікірінше, балаларға қажетті көмекті қолжетімді ету үшін мамандарды ауылдық жерлерге тарту және олардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау маңызды. Бұл ретте жалақыны көтеру мен қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру мәселесіне назар аудару қажет.