Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Президент мұғалімдердің артық жүктемесін азайтуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, артық жүктемесін азайтуға бағытталуы керек екенін айтты. Сондай-ақ мектептерде ұстаздарға дөрекі сөйлеу және күш қолдану жағдайларына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауда мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.

Президент мұғалімдердің артық жүктемесін азайтуды тапсырды
Ақорда

Президенттің айтуынша, қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты мәселелер жиі талқыланады.

«Алайда енгізілген өзгерістердің барлығы мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керек болғанымен, бұл талап толық орындалмай отыр. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы мұғалімнің басты міндеті – балаға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін еске салды.

«Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек», – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде оқушылардың ұстаздарға дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайлары кездесетінін айтты.

Оның сөзінше, мұндай оқиғалар кезінде мектеп әкімшілігінің мұғалімге қысым көрсетуі де дұрыс емес.

«Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес», – деді Мемлекет басшысы. 

Президент мұндай мәселелерді қарастырғанда барлық тараптың жауапкершілігін ескеру қажеттігін атап өтті. Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.