Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік көмек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің айтуынша, қазір қоғамда әлеуметтік көмекке қатысты мәселелер қызу талқыланып жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан жайттарды ашық айтып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы өзгерістерді асығыс қабылдамай, байыппен іске асыру керек.
«Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды. Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен оған қатысты ақпараттық жүйелерді алдын ала мұқият тексеруді ұсынды. Оның пікірінше, жаңа жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана кеңінен қолдану қажет.
Президент әлеуметтік мемлекеттің мақсаты азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекет адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп отыр.