Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру үшін инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді жұмыс істеуінің маңызын атап өтті, деп хабарлайды paryz.kz.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін түбегейлі қайта қараған. Алайда мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқаты мен экономикалық белсенділігіне қарап бағалануға тиіс.
«Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет. Инфляция – бұл, бейнелеп айтқанда, азаматтарымыздың әл-ауқатын күн сайын әлсіретіп отырған үнсіз жау», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдегенімен, инфляция деңгейі әлі де жоғары екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек екенін айтты.
Президент Үкіметке бюджет және салық саясатын байыппен жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыруға қолайлы жағдай жасау қажеттігін жеткізді.