Прямая трансляция

Астана

Астана

9°C

Қорғаныс министрлігі әскери техникаға қатысты ақпаратты жоққа шығарды

Threads әлеуметтік желісінде Қазақстанның әскери техникасы халықаралық оқу-жаттығудан кейін елге қайтарылмағаны туралы жалған ақпарат тарады. Қорғаныс министрлігі техниканың 6 қазанда әскери бөлімдерге жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.

Қорғаныс министрлігі әскери техникаға қатысты ақпаратты жоққа шығарды
Фото: Қорғаныс министрлігі

— Орталық халықаралық әскери оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери техникасы тұрақты орналасу орындарына қайтарылмағаны туралы жалған ақпарат таралғанын анықтады. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығулар аяқталған кейін әскери техника 2026 жылғы 6 қазанда тұрақты орналасу орындарына қайтарылған, — делінген Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы таратқан хабарламада.

Орталықтың мәліметінше, әлеуметтік желідегі жазба авторы жалған ақпаратпен бірге «Мұны шет мемлекетке әскери көмек көрсету немесе Отанға опасыздық жасау деп бағалауға бола ма?» деген сұрақ қойған. Орталық мұндай сұрақ қою бейхабар аудиторияны эмоциялық пікірталасқа тартып, жалған себеп-салдарлық байланыс қалыптастыратынын, нәтижесінде пайдаланушыларда оқиғаның шынайы мән-жайына қатысты бұрмаланған түсінік қалыптасатынын мәлімдеді.

— Бұл жағдайда нақты оқиға, яғни әскери оқу-жаттығулардың өткізілу фактісі алынып, оған шындыққа сәйкес келмейтін қосымша мәлімет енгізіледі. Одан кейін бастапқы хабарлама пікірлер, репосттар, қайта жіберулер және скриншоттар арқылы таралуын жалғастырады, — деп хабарлады Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.