Қазақстан экономикасының негізгі салаларын цифрлық трансформациялау мәселесі 4 желтоқсанда Құрылтай тыңдауында талқыланады. Бұл туралы Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Тыңдауда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика және құрылыс салаларын цифрландыруға басымдық берілмек. Негізгі мақсат – цифрлық технологияларды енгізу арқылы өндіріс көлемін арттыру, шығындарды азайту, кәсіпорындардың кірісін көбейту және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту.
Дархан Ахмедиевтің айтуынша, талқылауға аталған салаларда күнделікті еңбек етіп жүрген мамандарды тарту маңызды. Себебі өндірістегі кідірістер, өнімнің ысырабы, тасымал шығындары мен кәсіпорындардың дамуына кедергі келтіретін мәселелерді сол саланың мамандары нақты біледі.
Осыған байланысты бизнес өкілдері, ғалымдар, IT мамандары және басқа да мүдделі азаматтардан тұратын салалық сарапшылық қауымдастық құрылып жатыр. Оның мақсаты – проблемаларды анықтап қана қоймай, кәсіпорындарға нақты пайда әкелетін технологиялық шешімдерді ұсыну.
Жұмысқа шетелде жүрген қазақстандық мамандар да шақырылды. Егер олар отандық кәсіпорындарға пайдасын тигізетін технологияларды зерттеп немесе енгізіп жүрсе, өз тәжірибесімен бөлісе алады.
Цифрландыруға қатысты ұсыныстарды 5-10 қазан аралығында Құрылтайдың quryltai.kz сайтындағы «Қызмет» – «Құрылтайдағы тыңдаулар» бөлімі арқылы жолдауға болады. 11 қазаннан бастап арнайы жұмыс топтары ұсыныстарды талқылап, пысықтауға кіріседі.
Жұмыс барысында кәсіпорындардың өздері енгізе алатын шешімдер, мемлекеттік қолдауды қажет ететін бағыттар және заңнамаға енгізілуі мүмкін өзгерістер айқындалмақ.
Құрылтайдың ресми сайтында тыңдауларға арналған арнайы бөлім бар.