Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Тимур Турловты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президенттің айтуынша, бұл Қазақстан мен отандық шахмат мектебінің әлемдік аренадағы абыройы артып келе жатқанын көрсетеді.
"Соңғы жылдары қазақстандық шахмат мектебі қарқынды дамып келе жатыр. Елімізде спорттың осы түрімен 278 мыңнан астам адам жүйелі түрде айналысады", - деп атап өтті Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль иеленген әйелдер құрамасының жарқын жетістігін айрықша атап өтті. Бұдан бөлек, президент Қазақстан шахмат федерациясының алдында тұрған басым міндеттерді атады.
"Мемлекет басшысы құрама команданың әзірлігін күшейту, жас таланттарды анықтау мен даярлаудың тиімді жүйесін құру, білім беру саласында шахматты ілгерілету және өңірлерде шахмат инфрақұрылымын дамыту қажеттігіне назар аударды", - деп жазылған хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру жобаларын іске асыру, сондай-ақ Қазақстанда шахматтан ірі халықаралық жарыстар өткізу үшін ұлттық федерация мен FIDE арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызына баса мән берді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Турловтың жауапты қызметіне табыс тіледі.