«Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары азаматтардың банктік шоттарына шектеу қойылған кезде қорғалған төлем минимумын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды paryz.kz.
Депутаттық сауал Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төрағасы Тимур Сүлейменовке жолданды.
Депутаттардың мәліметінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі бойынша 90 күннен астам төленбеген проблемалық кредиттердің көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен.
Ал Әділет министрлігінің дерегіне сәйкес, атқарушылық іс жүргізу барысында 1,5 миллионнан астам адамның банк шотына тыйым салынған. Депутаттар азаматтар алған қарызын қайтаруы керек екенін атап өтті.
Алайда шотқа шектеу қойылған жағдайда адамның жол ақысы, байланыс, коммуналдық қызметтер, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сияқты негізгі қажеттіліктерін өтеу мүмкіндігі сақталуы тиіс деп санайды.
Депутаттық сауалда «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңда борышкер шотындағы кірістің кемінде 50 пайызы және өмір сүруге қажетті ең аз ақша сақталуы тиіс деген талап бар екені айтылған. Алайда депутаттар бұл норманың іс жүзінде толық орындалмай отырғанын алға тартты.
Осыған байланысты «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары борышкердің өмір сүруіне қажетті ең аз ақшаның сақталуын несие шартында міндетті түрде көрсетуді, бұл тәртіпті банктердің жүйелері арқылы автоматты түрде іске асыру мүмкіндігін қарастыруды және банк шотына шектеу қойылған кезде негізгі қажеттіліктерге арналған қаражатты пайдалану тәртібін нақты белгілеуді ұсынды.