Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасап, құжаттардың негізгі мақсаты қылмыстық саясатты ізгілендіру және азаматтардың қаржылық жүктемесін азайту екенін атап өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.
Депутаттың айтуынша, әкімшілік рақымшылықты жүзеге асыру үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте уәкілетті органдар салған айыппұлдарды орындауды тоқтату тәртібі қарастырылған. Сонымен қатар, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға енгізілетін толықтырулар рақымшылық қолданылған жағдайда атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуға мүмкіндік береді.
Осының нәтижесінде азаматтар сот орындаушыларына жүгінбей-ақ мүліктері мен банк шоттарына қойылған шектеулерді алып тастай алады. Сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған кезде атқарушылық санкциялар мен жеке сот орындаушыларының қызметіне төленетін қосымша шығындардан босатылады.
Қайрат Балабиев заң жобаларын қабылдау түзеу мекемелеріндегі жағдайды жақсартуға, материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитарлық қамтамасыз ету деңгейін арттыруға, сондай-ақ босатылатын бюджет қаражатын қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға және халықаралық стандарттарды енгізуге бағыттауға мүмкіндік беретінін айтты.
Оның пікірінше, рақымшылық құқықтық тетік қана емес, сонымен бірге құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететін маңызды профилактикалық құрал болып табылады. Өз қателігін түсініп, түзелуге мүмкіндік алған азаматтардың қылмысты қайта жасау ықтималдығы төмендейді.
Депутат рақымшылық мемлекеттің әлсіздігін емес, керісінше заңның жазалау функциясымен қатар әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, алдын алуға және қалпына келтіруге қабілетті күшті мемлекеттің көрінісі екенін атап өтті.
Мәжілістегі жұмыс тобы аясында заң жобалары жан-жақты талқыланып, депутаттар мен заңнама бөлімінің ұсыныстары қаралған. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің барлық тұрақты комитеттері құжаттар бойынша оң қорытынды берген.
Осыған байланысты депутаттар «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы», Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу және атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.