Абай облысы Жарма ауданында алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырды деген топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды paryz.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыстық топ Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде тиісті рұқсатсыз алтын өндірген. Құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдықтардың көмегімен шайып отырған. Аумақты тексеру кезінде тереңдігі 15 метрлік карьер анықталған.
"Заңсыз қазып алынған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Сондай-ақ 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген", - дейді ҚМА өкілдері.
Жедел іздестіру шаралары барысында бұл іске қатысы бар деген күдікпен тоғыз адам анықталды. Заңсыз кен өндірілген жерден кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш құрал, екі тиегіш және бір экскаватор тәркіленді.
Тергеу жалғасып жатыр. Өзге мәліметтерді ҚМА өкілдері Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария еткен жоқ.