Елордада адам ұрлау ісі бойынша алты шетелдікке қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының прокуратурасы.
Прокуратура Орталық Азия елдерінің бірінің алты азаматына қатысты адам ұрлау және өз бетінше билік ету факілері бойынша қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады.
Сот барысында 2024 жылғы 9 желтоқсанда топ мүшелерінің бірі көрсетілмеген қызмет үшін жәбірленушіден ақша талап еткені анықталды. Ол күш қолданып, жәбірленушіні 80 мың теңге аударуға мәжбүрлеген.
Кейін алдын ала сөз байласқан топ жәбірленушіні күш қолданып, пайдакүнемдік мақсатта Астана қаласы аумағында ұрлап әкеткен. Прокуратура мәліметінше, мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынған.
— Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен бес адам алдын ала сөз байласу арқылы пайдакүнемдік мақсатта адам ұрлағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал топтың тағы бір мүшесі адам ұрлауға көмектескені және өз бетінше билік еткені үшін 7 жыл 6 айға сотталды, — делінген хабарламада.
Прокуратура адам ұрлау қылмысы үшін 15 жылға дейін, ал өз бетінше билік еткені үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.