Ақмола облысында кәмелетке толмаған жасөспірімнің қаза табуына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі алдын ала мәлімет бойынша қайғылы оқиғаның 26 мамыр күні Целиноград ауданында ұлттық көкпар ойынының жаттығуы кезінде болғанын хабарлады. 14 жастағы жасөспірім аттан құлап, көз жұмған.
– Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу аясында жаттығуды ұйымдастырушылардың және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі, – деп хабарлады ведомство. Целиноград ауданы әкімдігі қайғылы оқиғаның Рақымжан Қошқарбаев ауылдық округінің аумағында болғанын нақтылады.
– Жергілікті тұрғындар жеке бастамамен жаттығу ойындарын өткізген. Бұл ойындар ресми спорттық немесе бұқаралық іс-шара емес. Аудан әкімдігіне аталған ойындардың өткізілетіні туралы хабар берілмеген, сондай-ақ жергілікті атқарушы органға келісім алу жөнінде өтініштер мен сұраныстар түспеген, – деп түсіндірді әкімдік. Қолда бар мәлімет бойынша ойынға ересек азаматтар қатысқан. Кәмелетке толмаған жасөспірім ойын өтетін жерге туыстарымен бірге келген және келмей қалған қатысушылардың бірінің орнына ойынға қосылған.
– Сондай-ақ аталған елді мекенде аудандық немесе облыстық мекемелердің балансында тұрған мемлекеттік көкпар секциялары жоқ екенін хабарлаймыз. Іс-шара М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің меншігіндегі жер телімінде өткізілген. Жер телімінің жалға алушысы – жеке тұлға. Қазіргі уақытта уәкілетті органдар тексеру жүргізіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қажетті жәрдем көрсетіп жатыр, – деп хабарлады ведомство.