Прямая трансляция

Астана

Астана

17°C

Тараздық шенеунік 500 млн теңгені құмар ойынға салған

Таразда әкімдіктің бұрынғы қызметкері жарты миллиард теңгені құмар ойындардың бәсіне жұмсап жіберген. Азарт құмар азамат букмекерлік кеңселерге туыстары мен таныстарының ақшасын салған. Халыққа берешегін қалтасына басқан қызметкер Облыстық жастар басқармасында 10 жылдай жұмыс істеген. 20-ға жуық адамды соңынан жүгірткен қызметкерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Paryz.kz qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап. 

Тараздық шенеунік 500 млн теңгені құмар ойынға салған
Коллаж: Azattyq Ruhy

Жамбыл облыстық жастар басқармасында жұмыс істеген Ділмұрат есімді маман «тендер ұтып беремін» деп таныс-тамырының сеніміне кіреді. Ауылдастарынан да ақша жинап алады. Соңғы екі жылда 500 млн теңгені қалтасына басып, құмар ойындарында ұтылады. Алаяқтыққа барған азаматтың үстінен 205 млн теңгесін даулап, 15 адам арыз түсірген.

«205 млн теңге сотталған азаматтан өндірілмеді, ал жәбірленушілер кешірім берген жоқ. Оған 6 жыл 8 ай бас бостандығына айыру жазасы кесілді. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ сот үкімімен мемлекеттік сатып алу жұмыстарымен 10 жыл бойы айналыса алмайды», - деді Тараз қаласы прокуратурасының аға прокуроры Аяла Құдайберген.

Елде құмарпаздықтан қайтаратын 13 мекеме бар. Мамандар емделушілердің басым бөлігі 28 бен 35 жас аралығында екенін айтады. Ал емдеу ұзақтығы 4 айдан 1 жылға жалғасады. Азаматтар азарттан өз еркімен алыстағысы келсе ғана құмарға қайта соқпайтын көрінеді.

«Өз еркімен келген кезде ол дәрігердің бүкіл нұсқауларын орындайды. Және сол орындалу негізінде, біз көбінесе жақсы қорытынды аламыз. Құмарлыққа қайта оралу, оның ықтималдығы өте төмен болады», - дейді ҚР ДСМ «республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» рмк директорының орынбасары Нәби Есімов.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде шамамен 36 мың лудоман бар. Ал барлық букмекерлік кеңселерде 2 млн шамасында ойын аккаунттары тіркелген. Қоғам белсендісі Исламбек Дастан онлайн ойынның көркін қыздырғандарға заңмен шектеу қоятын уақыт жетті дейді. Өйткені бұл тұңғиыққа сан саланың адамдары самсап кіріп жатыр.

«Әскерилер де, полиция қызметкерлері де бар, басқа да мемлекеттік қызметшілер бар.+Бұл жерде жарнама шектелсе де, лудомандар аз болады деген сөз емес. Сол үшін де Бурабайдағы, Қонаев қаласындағы ойын-сауықтарды сол жерде ғана өткізіп, онлайн ойындарды бірінші кезекте шектеу қажет», - дейді қоғам белсендісі Исламбек Дастан.

Айта кетейік, былтыр елімізде 7 мыңға жуық интернет-ресурс бұғатталған. Бірақ бір басы шабылғанымен қосымша сайттар мен қосарланған жарнамалар қайта пайда болады. Сондықтан депутаттар арнайы заң жобасын ұсынуда. Тиісті заң қабылданса 25-ке толмағандар букмекерлік кеңселерге кіргізілмеуі мүмкін.