Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баян Алагөзова Аман Тасығанның Talk Like бағдарламасына берген сұхбатында Баян Мақсатқызы әкесімен болған қарым-қатынасы жайында толғана айтты. Оның сөзінше, әкесі отбасында ерекше беделге ие болған. Үйдегі әрбір адам оның сөзін заңдай қабылдап, алдынан кесе-көлденең өтпеген, деп хабарлайды paryz.kz.
«Әкеміз біз үшін даусыз бедел еді. Ол кісі бір нәрсе айтса, ешкім қарсы пікір білдірмейтін. Әкемнің сөзі отбасымыздың заңы секілді болатын», – деді ол.
Баян Мақсатқызы әкесін қатал адам болды деп есептемейді. Керісінше, оны өте жылы әрі мейірімді жан ретінде еске алады. Алайда отбасындағы тәрбиеге байланысты балалары әкесіне еркелеп, құшақтап немесе сезімін ашық білдіре бермеген.
Оның айтуынша, әкесінің маңдайынан сүйіп, «қызым» деп атауының өзі ерекше ықылас пен мейірімнің белгісі болған.
«Әкем мені тізесіне отырғызып, құшақтай бермейтін. Бірақ маңдайымнан сүйіп, «қызым» дегенінің өзі мен үшін үлкен жылулық еді. Қазір өткенді қайтаруға мүмкіндік болса, кішкентай қызға айналып, әкемнің тізесіне отырып, иығына басымды қойып, ұзақ құшақтап отырар едім», – деді Баян Мақсатқызы.
Ол бала күнінен қалыптасқан әдеттердің кейбірі әлі күнге дейін өмірінде сақталғанын да жасырмады. Мәселен, отбасы дастарқанға отырғанда ер адамның бірінші ас алуын күту әдеті әкесінің үйіндегі тәрбиеден қалған.
Сонымен қатар Баян Мақсатқызы бүгінгі таңда бала мен әке арасында тек сыйластық қана емес, ашық әңгіме де болуы керек деп санайды. Сол себепті ол өз балаларына әкесімен еркін сөйлесіп, ойын, қалауын және келіспейтін тұстарын жасырмай айтуға мүмкіндік беруге тырысатынын жеткізді.
Оның пайымынша, әкеге деген құрмет қорқынышқа немесе арадағы алшақтыққа айналмауы керек. Бала әкесін сыйлай отырып, оған өз сезімін ашық білдіре алуы маңызды.