Танымал әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы әйелі Фариза әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, экс-жолдасын ешқашан кешірмейтінін айтты, деп хабарлайды paryz.kz.
Ол өзіне және ата-анасына қатысты ауыр сөздер айтылғанын жеткізді. Фаризаның сөзінше, осы уақытқа дейін бұрынғы күйеуінің көптеген әрекетіне балаларын ойлап, үндемей келген. Алайда соңғы жағдайдан кейін оған кешірім жасау мүмкін емес екенін түсінген.
«Кешірім бер дейсіздер ме? Қасындағы достарына, таныстарына немесе менің жеке өзіме айтқанда, мен онсыз да кешіріп, үндемей келгенмін. Талай ескерттім де. Бірақ бүкіл халықтың алдында маған өте ауыр жала жауып, мені қаралап, әке-шешемді қорлағанын мен кешіре алмайды екенмін», – деп жазды ол.
Фариза кейбір адамдардың оған «кешір» немесе «кінә екі жақтан» деп ақыл айтып жатқанын да сынады. Оның айтуынша, екі жыл бойы болған жағдайлардың барлығын көпшілікке жария етпей, іште сақтап келген. Ол бұрынғы күйеуінің өзіне қатысты түрлі сөздер айтып, тіпті ата-анасына да тіл тигізгенін мәлімдеді.
«Сіздер үшін міндетті түрде адам өлтіру керек пе? Міндетті түрде ауыр қылмыс болу керек пе? Осы екі жылдың өзінде қанша рет қиналып, жылағаным, стресс болып, қаншама ауру тапқаным, әке-шешемнің қиналып, уайымдап жүргенін көру маған оңай ма?» – деді Фариза.