Прямая трансляция

Астана

Астана

19°C

«Әйел – қызметші емес»: Динара Сәтжан ұлына отбасылық өмірге қатысты кеңес берді

Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы Даниял Үскенбай мен келіні Айнұрдың Париждегі сәттерін көрсетіп, жас жұбайларға ақ тілегін арнады, деп хабарлайды paryz.kz.

«Әйел – қызметші емес»: Динара Сәтжан ұлына отбасылық өмірге қатысты кеңес берді
Фото: әлеуметтік желіден

Тележүргізуші Instagram-парақшасында бір-бірін таңдап, өмір жолын бірге жалғастыруға шешім қабылдаған екі жастың бақытына куә болудың өзі ерекше сезім екенін жазды.

«Сендерге махаббаттарыңды өмір бойы аялап, бір-біріңе ризашылықпен әрі құрметпен қарауды тілеймін. Жылдар өткен сайын сезімдерің тереңдеп, махаббаттарың даналық пен күшке толы болсын», – деп жазды Динара Сәтжан.

Ол ұлы Даниялға да арнайы үн қатып, отбасылық өмірде жарына тең серік ретінде қараудың маңызды екенін атап өтті. 

«Даниял, саған ең басты нәрсені айтқым келеді: әйел – қызметші емес. Ол – сенің өмірлік серігің, тең дәрежедегі жұбың. Онымен қуанышыңды да, қиындықтарыңды да, армандарыңды да, отбасы алдындағы жауапкершілікті де бірге бөлісесің», – деді тележүргізуші. 

Сондай-ақ Динара Сәтжан ұлына жарының қызығушылықтары мен армандарына құрметпен қарап, жетістіктеріне қуанып, қиын сәттерде әрдайым жанынан табылуға кеңес берді.

«Бүгін жүректеріңді тоғыстырған сезімді сақтаңдар. Күн сайын бір-біріңді қайта таңдай біліңдер. Бақытты болыңдар, менің сүйіктілерім!» – деп түйіндеді ол.