Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінен өзін тіркеуден шығару туралы хабарлама алғанын айтты. Өнер иесі медициналық мекеме қызметкерлерінің қайта-қайта хабарласып, тексерілуге шақыратынына наразылығын білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.
Әншінің айтуынша, халық әртістері мен еңбек сіңірген қайраткерлер Президент Іс басқармасына қарасты медициналық мекемеде тіркеуде тұрады. Мақпал Жүнісова бұл емханаға 1994 жылдан бері тіркелген. Өнер иесі осы уақытқа дейін өзі біле бермеген медициналық мүмкіндіктер болғанын да айтты. Мәселен, ол жыл сайын санаторийге тегін жолдама алуға болатынын былтыр ғана білген.
«Халық әртістері мен еңбек сіңірген қайраткерлер ретінде біз “Совмин” ауруханасында тіркеудеміз. Сол жерге барып, тексерістен өтіп тұрамыз. Ол жақта 1994 жылдан бері тіркеуде тұрсам да, жыл сайын санаторийге тегін жолдама берілетінін былтыр ғана естідім. Мұндай мүмкіндіктерді бұрын-соңды пайдаланып көрмегендіктен, “Жыл сайын санаторийге баруға болады екен ғой, маған неге бұрын айтпаған?” деп таңғалдым», – деді әнші.
«Денім сау, Аллаға шүкір»
Мақпал Жүнісова қазір медициналық тексерулерден үйіне жақын орналасқан клиникаларда өтетінін жеткізді. Сондай-ақ Корея мен Түркияға барып, денсаулығын тексертіп тұратынын айтты.
«Қазір үйімнің жанында клиника көп. Соларға барып, анализ тапсырамын, чекаптан өтемін. Оған қоса Кореяға да, Түркияға да барып тексеріліп тұрамыз. Деніміз сау, шауып жүрміз. Күнде жұмыс, гастроль мен концерт», – деді өнер иесі.
Әншінің сөзінше, «Совмин» емханасының қызметкерлері оған қайта-қайта хабарласып, медициналық тексеруден өту қажеттігін ескертеді. Алайда Мақпал Жүнісова денсаулығына шағымы жоқ екенін айтып, мұндай қоңыраулардан шаршағанын жеткізген.
«“Совминнің” қыздары қайта-қайта хабарласып: “Анализ тапсырыңыз, тексерілуіңіз керек” деп қоймайды. Мен: “Қыздар, денім сау, Аллаға шүкір, бәрі дұрыс” десем, “Онда келмесеңіз, “Совминнің” тіркеуінен шығарамыз” дейді. “Шығара беріңіздер” дедім. Менің оған байланып қалған ештеңем жоқ. Үйімнің жанында клиника бар, ауыра қалсам, Медеу ауданындағы клиникаға барамын», – деді ол.
«Мені мазаламаңыздаршы»
Мақпал Жүнісова кейін Астанадан өзін медициналық мекемедегі тіркеуден шығару туралы тағы бір ресми хат келгенін айтты. Әнші бұл шешімге қарсы емес екенін, қажет болса, оның орнына басқа адамды тіркеуге болатынын жеткізді.
«Тағы да Астанадан хат келді. “Тіркеуден шығарамыз” дейді. Шығара беріңіздерші! Оны жіберіп отырған кім екен? Күні маған қарап қалып па? Менің орныма біреуді енгізгісі келіп тұрса, енгізе берсін. Ренжімеймін. Сұранарым, мені мазаламаңыздаршы», – деді халық әртісі.