Спорт журналисі Аслан Қаженов Қырғызстанның Бішкек қаласында салынып, қолданысқа берілген жаңа стадион мен Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылыс жобаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.
Журналистің айтуынша, Бішкекте Орталық Азиядағы ең ірі стадиондардың бірі қолданысқа берілген. Спорт нысанының құрылысына 60 млн доллар жұмсалған. Стадионның сыйымдылығы 51 мың көрерменге шақталған, ал құрылыс жұмыстары үш жыл ішінде аяқталған.
Аслан Қаженов бұл жобаны Астанада салынып жатқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионмен салыстырған.
Оның мәліметінше, елордадағы стадион құрылысының құны 37 млн доллар болады. Нысан 3600 көрерменге арналған. Журналист екі жобаның құны мен сыйымдылығына назар аударып, Қазақстандағы спорт нысандарын салуға бөлінетін қаражаттың тиімділігіне қатысты сұрақ көтерді.
«Қырғыздар 60 млн долларға 51 мың орындық стадион салса, қазақтар 37 млн долларға кемі 30 мың орындық стадион салу керек қой. По-факту біздегі 10 есе кіші болып тұр. Қалай сонда? Ешқандай логикаға келмейтін есеп», – деп жазды Аслан Қаженов.
Ол сондай-ақ стадион құрылысына бөлінген қаражат пен нысанның сыйымдылығына қатысты жауапты тұлғалардан түсініктеме қажет екенін атап өтті.