Прямая трансляция

Астана

Астана

26°C

Елена Рыбакина Ига Швентектен жеңіліп қалды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шыға алмады.

Елена Рыбакина Ига Швентектен жеңіліп қалды
Фото: ҚАЗАҚСТАН ТЕННИС ФЕДЕРАЦИЯ

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 5-ракеткасы, Ролан Гарроста төрт мәрте үздік шыққан Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар 8 рет кездесіп, соның 4-еуінде Швентек жеңіске жеткен еді. Бұл жолы бастапқыда екі брейк жасап, Рыбакина матчты тамаша бастады – 6:1. 

Екінші сетте де 2:0 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылықты сақтап қала алмады – 3:6.

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болған мезетте Швентек брейк жасағанымен, Рыбакина сол бойда таразы басын теңестірді. Есеп 5:5 болғанда, қазақстандық теннисші мүлт кетті – 5:6. Швентек матчқа доп бергенде, есесін жібермеді – 7:5. 

Екі сағат 30 минутқа созылған тартысты ойында Рыбакина 3 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Швентек 2 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті. И.Швентек жартылай финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен таласады. Ол төртінші кездесуінде сенсация жасап, Франция ашық чемпионатының өткен жылғы финалисі, әлемнің 4-ракеткасы, италиялық Жасмин Паолиниді камбэкпен жеңді – 4:6, 7:6 (8:6), 6:1.