Танымал әнші әрі актриса Жанар Айжанова үлкен тойларда жас жұбайлардың торт кесу дәстүріне қатысты пікір білдірді. Өнер иесінің айтуынша, кейде осы рәсімнің кесірінен екі жақтың ата-аналары арасында жанжал туындап, тіпті жас отбасының ажырасуына дейін әкелуі мүмкін, деп хабарлайды paryz.kz.
Әнші бұл туралы «Айтарым бар» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Жанар Айжанованың сөзінше, тойда жас жұбайлардың торт кесу рәсімі кезінде екі жақтың туыстары тортты кімге бірінші ұсыну керектігіне қатысты келіспей қалуы мүмкін.
«Әлеуметтік желіні ашсаң, торт деген бәле болды. Осы тортты бермесе екен деп ойлаймын. Тойда көп жүремін. Сол тортты берсе екен, “Екі жастың тәтті торты келе жатыр” деп ананың әке-шешесі жетіп келеді, мынаның әке-шешесі жетіп келеді. Торттың кесірінен қырғын болып, ажырасуға дейін барады», – деді өнер иесі.
Сондай-ақ әнші жас жұбайларға торттан ауыз тиген соң, оны даяшыға беріп, қонақтарға таратуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл рәсімде ата-аналарға басымдық берудің қажеті жоқ.
«Торт жемей жүргендей, екі жастың тортына құрып кеткір! Екеуі ауыз тисін де, даяшыға берсін, барлығымыз ауыз тиеміз. Әке-шешеге емес, ырым болсын, жұғысты болсын деп кішкентай баланы шақырып берсін. Жалғыз қазақ елінде емес, көп жерде торттың әңгімесі солай. Қазіргі заманның тозығы – тортты беру деп айтатын едім», – деді Жанар Айжанова.